Елімізде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалады
Елімізде гуманитарлық ғылымдар саласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалады. Одан бөлек, ағартушы атындағы төсбелгі әзірленеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті. Оның айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған шаралар жалғасын табады. Бірқатар ауқымды жоба іске асып жатыр. Бүгінде ағартушының құрметіне арналған мерейтойлық марка, монета шығарылып қолданысқа енді. Енді Үкімет тарапынан «Ахмет Байтұрсынұлы төсбелгісі» жыл соңына дейін әзір болады. Одан бөлек, ұлт ұстазы атындағы гуманитарлық ғылым саласы бойынша мемлекеттік сыйлық тағайындалады, деп атап өтті министр. Сондай-ақ, Ведомство басшысының айтуынша, Парижде Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына орай конференция өткізу жоспары бар.Сонымен қатар Ыстанбұлда да конференция өтпек. Одан бөлек, Анкара қаласында Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш қою мәселесі оң шешімін тауып отыр деді ол.