Алматыда BAIQONYR кинофестивалі өз жұмысын бастады
Алматыда VIII халықаралық BAIQONYR кинофестивалі өз жұмысын бастады. Фестиваль Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмімен ашылды. Бұл режиссердің алғашқы толықметражды туындысы. Картина шетелдік фестивальде бірнеше марапатқа ие болған. Сондай-ақ BAIQONYR аясында жеке анимациялық кинофестиваль – ALMATY ANIMATION FESTIVAL өтеді. Кинофестиваль аясында ТМД елдерінің кинотанушылары мен сыншыларының II форумы өтеді, оның жұмысына шет елден 20-дан астам маман қатысады. Бұдан бөлек 8 қыркүйек Корей анимациялық кино күні болмақ. Іс-шараға Оңтүстік Кореядан анимациялық режиссерлер Ли Сон Ган мен Им Черин келеді. Олар өз жұмыстарын көпшілікке ұсынып, көрермендердің сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар дәріс оқып, қазақстандық жас авторларға шеберлік сабағын өткізеді.