Б. Римованың 100-жылдық мерейтойы ТҮРКІСОЙ деңгейінде аталып өтеді
Астанада Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының гастрольдік сапары өтті. Өнер ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына екі қойылым ұсынды. Оның бірі жас драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» атты сахналық туындысының тұсауы кесілді. Әлеуметтік драма ұстаздардың мәртебесін асыруға бағытталған. Оқиға желісі бүгінгі тәлімберуші мен шәкірт арасындағы күрделі қарым-қатынас жөнінде өрбиді. Сондай-ақ өнерсүйер қауым Бикен Римованың қаламынан туған «Қос мұңлық» атты қойылымды тамашалады. Спектакльде қоғамдағы қарттар мәселесі қозғалады. Айта кетейік, театрдың биылғы гастрольдік сапарлары Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойы аясында өтуде. Сахна саңлағының туған күні ТҮРКІСОЙ деңгейінде ұлықталуда. Жылдың соңына дейін халықаралық ұйымның қолдауымен Анкара мен Ыстамбұл қалаларында дарын иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған жылжымалы көрме ұйымдастырылады. Бұған қоса Бикен Римованың құрметіне елімізде халықаралық театр байқауы өтеді.