«Жеңістің жұлдызды сағаты» көрмесі
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі қорынан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына және Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық батыры, Қазақстан Республикасы армиясының генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Жеңістің жұлдызды сағаты» көрмесі ашылады.
Экспозицияда кеңес заманы мен қазақстандық суретшілердің, ҰОС қатысушыларының 50-ден аса туындысы, соғыс батырлары мен тыл еңбеккерлеріне арналған картиналар қойылады. Көрменің ашылуында көрермендер генерал Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке заттарын тамашалай алады.
«Жеңістің жұлдызды сағаты» көрмесінің мазмұны сан қырлы. Көрменің интерактивті ақпараттық сүйемелденуі ұлы жеңіс үшін майданда шайқасқан қазақстандықтар мен Ұлы Отан соғысына қатысушы қазақстандық суретшілерге арналған.
Кескіндеме, графика және мүсін өнерінен түрлі ұрпақ шеберлері, әр ұлттың дарынды суретшілері бейнелеген туындыларды терең түсінумен қатар, көрме замандастарымызды әлемдегі бірлік, бейбітшілік пен өмірді қорғауға шақырады дейді ұйымдастырушылар
Көрме 30 мамырға дейін жалғасады.