Дубайда қазақ қызының көрмесі өтті
Араб Әмірліктерінде Қазақстан суретшісі, дизайнер Ләйлә Жарқын шығармаларының көрмесі өтті. Еліміздің Дубайдағы Консулдығының қолдауымен ұйымдастырылған мәдени іс-шараға осы мемлекетте жүрген отандастарымыз, қала тұрғындары мен қонақтары жиналды. Келушілер киізден жасалған бұйымдарды тамашалап, қазақ өнерінің құдіретіне тағы бір мәрте таңғалысты. «Туған жер» атауымен өткен көрмеде кәсіби суретші Ләйлә Жарқын онға жуық киіз текемет пен қолөнер бұйымдарын таныстырды. 18 жасынан бері киіз басу өнерін таңдаған суретші ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнерді дәріптеп, оны жаңғыртуға бел буған.
Көрмені тамашалауға келгендерді шебер шығармаларының мазмұны ғана емес, киізді дайындау техникасының ерекшелігі де қызықтырды. Табиғи таза материалдан жасалған сырмақ, текемет, түскиіз, тақия секілді өнімдер үлкен сұранысқа ие. Киіз бүгінде суретшілер, дизайнерлер, қолөнер шеберлерінің ой-қиялындағы сұлулықты жеткізетін басты құралының біріне айналған. Әдемі түстерге боялып, шүйкеленіп қойған жабағы жүнді осылай икемдеп, қалаған дүниені жасап алуға болады. Шебердің айтуынша киіз басу өткен замандағыдай тым күрделі емес. Керісінше, кез келген адам тез үйреніп алатын кәсіп.