Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

ҚР Ұлттық архивінде «Әлкей Марғұланның әлемі» көрмесі ашылды

ҚР Ұлттық архивінде «Әлкей Марғұланның әлемі» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, археолог, тарихшы, этнограф Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай «Әлкей Марғұланның әлемі»  құжаттық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Әлкей Марғұланның қызы Данель Марғұлан, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Тұрсын Жұртбай және т.б қоғам қайраткерлері қатысты.
Әлкей Хақанұлының қызы Данель Марғұлан ғалымның есімін ардақтаған ауқымды іс-шара үшін алғыс айтып, әкесі туралы ескірмес естеліктерімен бөлісті.
Көрмеге Әлкей Марғұланның өмірінен сыр шертетін 90-нан астам құнды құжат қойылды. Атап айтсақ, «Шоқан Уәлихановтың көркем мұрасы мақаласы», «Қазан университетінен алынған қолжазбалар», «Қола дәуірі қорымдары мақаласы», сондай-ақ Жошы хан кесенесі мен Айша бибі мазарының сызбасы, Маңғыстау өлкесінің этнографиялық жазбалары,  ру таңбалары, архитектуралық құрылыс материалдарының сызбалары, суреттер таныстырылды.