«Опералиядағы» арфа мен рояльдің нәзік үні
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» театрында ойдағыдай өтіп жатқан «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі елордадағы нағыз өнер мерекесіне айналды. Оның аясында 28-29 маусымда тыңдармандарға жарқын аспапшылар – жас болса да, дәулескер пианист Александр Кутузов пен қазіргі таңдағы ең танымал арфашылардың бірі Елизавета Александрованың концерттері ұсынылады.
Сонымен, 28 маусымда Фортепианолық музыка кешінде К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына фестиваль қонағы есімі әлемдік аренада кеңінен танымал дарынды пианист Александр Кутузов шығады. Ал келесі күні фестиваль тағы бір шақырылған солист – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Елизавета Александрованың өнер көрсетуімен жалғасады. «Арфа романтикасы» концерт-фантазиясының мазмұнды бағдарламасына В.Беллинидің «Норма», Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур», «Махаббат сусыны», П.Чайковскийдің «Пиковая дама», «Иоланта» операларының тақырыптарына фантазиялар т,б енді. Бұларды фестиваль қонағы 29 маусымда «Астана Операдағы» әріптестері Любовь Ткаченко, Айнұр Камалова және Диляра Қалдыбаевамен бірге орындайды.