Астанада Euronews Орталық Азия хабы ашылады
Брюссельдегі жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Euronews Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Дэвидпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Астанада Euronews Орталық Азия хабының өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан Орталық Азия өңірінде шешуші рөл атқара отырып, мемлекет өмірінің барлық салаларында ауқымды өзгерістер жүргізуде. Сондықтан Астанада Euronews өкілдігінің ашылуының тарихи маңызы зор.
Euronews командасы жақын арада қазақтың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы modern nomads телешоуын, елдегі іскерлік және экономикалық оқиғаларды, «Орталық Азиядан шыққан дауыстарды» - өңірдің белгілі қайраткерлерімен сұхбаттарды, ірі өңірлік іс-шараларды және оқыту тренингтерін өткізуді қамтитын «Шығыс пен Батыстың байланысы» бағдарламасын, бірқатар репортаждарын көрсетуді жоспарлап отыр және отандық БАҚ және баспасөз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін шеберлік сабақтарын өткізбек.