«Астана Опера» солисі Әлихан Зейнолла Италияда басты партияда дебют жасады
Елордалық «Астана Опера» театрының солисі, Astana Opera Халықаралық опера академиясының түлегі, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әлихан Зейнолла тамыз айының соңында Италияның Пезаро қаласындағы Дж.Россини атындағы театрда «Реймске саяхат» спектаклінде Граф Либенсковтың басты партиясында дебют жасады.
Академиядағы оқу барысында әлемнің түрлі елдерінен барған 4 тенордың арасында Э.Паласио Әлихан Зейнолланы бірінші құрамда Граф Либенсковтың партиясында дебют орындауға таңдап алған. Академияда білім алумен қатар, қазақстандық тенор Градара, Ферминьяно, Урбино, Пезаро қалаларында концерттік бағдарламалармен өнер көрсеткен.
Еске сала кетейік, академияда тағылымдамадан өту кезінде Әлихан Румынияға «Севильдік шаштараз» операсының қойылымында Граф Альмавиваның партиясын орындауға шақырылған еді. Бұдан бөлек, ол Будапеште «Stabat Mater» үлкен мессасында өнер көрсеткен. Сондықтан осы өнер көрсету дарынды тенордың үшінші еуропалық дебюті болды.