Қазақ жастары Берлин сахнасында төл өнерімізді дәріптеді
Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразиялық симфониялық оркестрі Берлинде төл өнерімізді дәріптеді. Бірыңғай студенттерден жасақталған шығармашылық ұжым Германияда өткен Young Euro Classic фестивалі аясында концерт берді.
Концертте көрерменнің көзайымына айналып, құлақ құрышын қандырған тағы бір музыкант – Карина Измаилова. Ахмет Жұбановтың жиеншары, Әзербайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованың немересі неміс композиторы Роберт Шуманның оркестрге арналған концерті мен нағашы атасының «Қарлығаш» әнінен туындаған төл пьесасын орындап, көптің көңілінен шықты.
Айтулы кеште студенттеріміздің өнеріне неміс тыңдармандары тәнті болғандарын жасырмады. Оркестр шетелдіктерді тамсандырып қана қоймай, олардың қазақ музыкасына деген қызығушылығын арттырды.
25 жыл ішінде Young Euro Classic фестиваліне 60 түрлі елден 28 мың музыкант, 160 оркестр қатысқан. Іс-шараның басты мақсаты – ең мықты студенттік оркестрлердің басын қосып, талғамы жоғары тыңдарманға тың дүние ұсыну. Қазақ жастары бұл фестивальде осымен үшінші рет өнер көрсетіп отыр. Ұйымдастырушылар сұраныстың жоғары болғанын меңзеп, еліміздің қатысуымен болатын алдағы шараларға аңдатпа жасады.