Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Елордада «Момындардың зынданы» қойылымы сахналанды

Елордада «Момындардың зынданы» қойылымы сахналанды

Елордада А.И. театрының «Момындардың зынданы» қойылымы сахналанды. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін тақырыптың өзегі еткен қойылым – Федор Достоевскийдің «Кроткая» повесі желісімен қойылған психологиялық драма. Аталған драмалық қойылым былтыр да сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болған.
Бұл спектакль – махаббатынан қайғылы жағдайда айырылған бас кейіпкердің рухани қайта түлеуін зерттеу. Қойылым кезінде көрерменнің ойында туындаған ең маңызды сұрақтың бірі – адам өзінің құндылығын түсіну үшін қолындағы ең қымбат дүниесінен айырылуы керек пе? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген қағида бұл шығармада көрерменді қалың ойға батырады.
Өмір шындығын, жоқшылық пен қиындықты суреттеген төрт актерден құралған драмалық шығарма камералық спектакльдің түріне жатады. Айта кету керек, қойылым ÓzgeEpic креативті хабында өтті. Еске салсақ, мұндай алғашқы ірі шығармашылық креативті хаб елордада жақында ашылған болатын. ÓzgeEpic хабына бірегей этномұражай мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда қонақтарға заманауи арт-спектакльдер, музыкалық және әдеби кештер үшін айырбасталатын зал, сондай-ақ заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындардың ақылды аймағы ұсынылады. Сондай-ақ хаб аумағында қазақстандық баспалардың өнімдерін сатуға арналған кітап дүкені бар.