Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Астанада Юнус Сафардиярдың ауқымды көрмесі ашылды

Астанада Юнус Сафардиярдың ауқымды көрмесі ашылды

ҚР Ұлттық музейінде әйгілі британ мүсіншісі, Корольдік өнер академиясының мүшесі Юнус Сафардиярдың «Екінші өрлеу» көрмесінің ашылуы өтті. Көрме үшін Астанаға салмағы 2 тоннаға жуық экспозиция жеткізілді. Көрмеге қойылған әр мүсін – нағыз өнер туындысы.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов құттықтау сөз сөйлеп, бұл іс-шараның маңызын атап өтті.
Экспозицияда көлемді мүсіндер ұсынылған. Ең ауыр мүсіннің салмағы 350 кг жетеді. «Екінші өрлеу» — өркениеттік өзгерістердің, ыдыраудың және формалардың өзгеру динамикасының көрінісі.
«Менің жұмысым – әлемнің үздіксіз өзгеруінің көрінісі. Мен ескі формалардың кетіп бара жатқанын, жаңаларының пайда болып, тіпті ерекше дүниеге ұласып жатқанын көрермен көрсе деймін», – дейді көрме авторы.
Сафардиярдың жұмыстары Лондон, Нью-Йорк, Санкт-Петербург, Флорида сияқты әлемнің түкпір-түкпірінде қойылған. Енді Астана тұрғындары да тамашалай алады. Оның шығармалары беделді Sotheby's аукционында сатылған. Мүсіншінің «Ояну» атты туындысы Лондондағы аты аңызға айналған Regent's Park саябағына көрік беріп тұр.
Аталмыш көрме ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде өтіп жатыр.