«Әншуақ – 2024»: балалар әндерінің республикалық челленджі басталды
Елімізде Әншуақ-2024 балалар әндерінің екінші республикалық челленджі басталды. Қазіргі таңда балалар орындаған бейнероликтер 200 мыңнан астам қаралым жинады.
«Әншуақ» фестивалі балалардың таланттарын ашуға мүмкіндік береді және еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттайды. Бұл шараның «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын да айта кету керек.
Челленджге 6-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Балалар қазақ тіліндегі әнді жанды дауыста орындап, бейнежазбасын #Әншуақ2024 хэштегімен TikTok-та жариялауы керек.
Естеріңізге сала кетейік, «Әншуақ» балалар әндерінің челленджі алғаш рет 2024 жылдың 1 ақпаны мен 1 маусымы аралығында өтіп, жеті ай ішінде 12 мыңнан астам жарияланым және 12 миллионнан астам қаралым жинаған болатын. Қорытындысы еліміздің әр өңірінде «Open Air» форматында өткізіліп, онда ең танымал балалар әндері шырқалды.