Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Венгрияда көшпенділер мәдениетіне арналған көрме ашылды

Венгрияда көшпенділер мәдениетіне арналған көрме ашылды

Венгрияның Қарцаг қаласында «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» атты көрме ашылды. Келелі мәдени іс-шараның ұйымдастырылуына Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстанның Мажар еліндегі елшілігі мұрындық болды.
«Қарцаг Кинче» өнер мұражайында ашылған көрмеде Алматы музейінде сақталған 200-ден астам жәдігер қойылды. Екі бөліктен тұратын көрменің алғашқы бұрышында қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі, музыкалық, зергерлік және аңшылық өнері көрсетілсе, екінші бөлігінде еліміздің тұмса табиғаты мен қалаларымыздың заманауи келбеті паш етілген. Мысалы көрмеге қойылған маңызды экспонаттардың ішінде Абай Құнанбайұлының жеке домбырасы бар.
Мажарлық қыпшақтар көрменің Карцагта ұйымдастырылғанына дән риза. Қазір көрмеге келушілердің қарасы қалың. «Екі елдің тарихи байланысын паш ететін осындай мәдени іс-шаралар туыстас халықтарды одан әрі жақындатады», - дейді қонақтар.
Көрме аясында белгілі күйші, домбырашы Еркін Құдайберген танымал қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Сондай ақ іс-шара қонақтары халқымыздың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Аталмыш, көрме 20 қарашаға дейін жалғасады.