Елімізге белгілі өнер майталмандары Ташкент төрінде концерт берді
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымы гастрольдік сапармен Өзбекстан астанасына келіп, концерт берді.
«Достық жыры» атауымен өткен концертті тамашалауға жиналған халықтың қарасы қалың. Концертте Айтқали Жайымов, Светлана Айтбаева, Анар Мұздаханова және Нұрлан Бекенов сынды елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.
Қазақтың әні мен күйін сағынып, концертке жиналған көрерменнің қошеметі ерек, өнерге деген құрметі жоғары.
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясындағы қазақ оркестрінің басшысы Сабыржан Сейілханұлының айтуынша, өнер ұжымы алдағы уақытта Өзбекстанның өзге де өңірлерін аралап, концерт беруді жоспарлап отыр.
Бүгінде екі ел арасындағы мәдени байланыстар нығайып келеді. Атап айтқанда, бұған дейін де қос мемлекеттің түрлі деңгейдегі өнер ұжымдары бір-біріне гастрольдік сапармен барған болатын. Осы ілкімді істің ізін жалғап, келер жылы Өзбекстанның мемлекеттік филармониясы Қазақстан астанасында концерт бермек.