Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

«Абай» операсы араға жылдар салып Үлкен театр сахнасында мәскеулік көрерменмен қайта қауышты

«Абай» операсы араға жылдар  салып Үлкен театр сахнасында мәскеулік көрерменмен қайта қауышты

«Астана Опера» әртістері Үлкен театрдың Жаңа сахнасында «Абай» операсын сахналады.
Қойылым алыс-жақын шетелдердің үздік опералары келетін «Видеть музыку» халықаралық фестивалі аясында көрсетілді.
Гастрольдік сапар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің және Үлкен театр әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Қойылымды тамашалауға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, РФ Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев және басқалар қатысты.
Бұл көлемді туынды 70 жылдан астам уақыт бұрын жазылған. Опера алғаш рет 1944 жылы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында қойылды. Бірнеше рет ең беделді халықаралық сахналарда көрсетілді. Мәскеуде «Абай» операсы алғаш рет 1958 жылы Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі аясында көрерменге жол тартқан болатын.
Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы тек махаббат, жақсы мен жаманның айқасын бейнелеген қойылым ғана емес, қазақ халқының жан дүниесінің алуандығы мен тереңдігін көрсететін айна, көшпелі өмірдің бірегей салты мен философиясын көрерменге паш ететін туынды.