«Сазген сазы» ансамблі Германияда өнер көрсетті
«Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұжымы Германияда өнер көрсетті. «Отандастар» қоры мен еліміздің Франкфурттағы Бас консулдығы мәдени шараны Республика күніне орай ұйымдастырды. Мерекелік концертте музыканттар ұлттық ән-жырдан шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
40 жылдық тарихы бар «Сазген сазы» ансамблінің ұжымы бұған дейін әлемнің үздік сахналарында талай өнер көрсеткен. Бірақ, Франкфуртқа бірінші рет келіп тұр. Өнер ұжымының Германияға сапарын ұйымдастырудағы мақсат еуропалықтарға қазақ мәдениетін дәріптеу, шеттегі қандастарымыздың рухани бірлігін нығайту.
Концертті тамашалауға этникалық қазақтар, байырғы қазақстандық немістер Германияның 14 қаласынан жиналды. Атажұртты аңсағандар мен шетелдік меймандарға өнерпаздар алдымен қазақтың күй өнерінің құдіретін сезіндірді.
Құнды қобыз, сыршыл домбыра, нәзік шертер, сазды сыбызғы, жұмбақ үнді жетіген. Әлемдік деңгейдегі классикалық жауһарларды қазақ музыканттарының ұлттық аспаптармен шебер орындауы еуропалықтардың таңдайын қақтырды.