Вашингтонда түркі халықтарының фестивалі өтті
Қара жорға билеген америкалықтар. АҚШ астанасы Вашингтонда өткен Түркі халықтарының фестивалінде қазақ қыздарынан құралған «Гүлдер» би тобы өнер көрсетті.
Қазақ қыздарынан құралған би тобы Америкада жеті жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Жыл сайын өтетін әйгілі фестивальге үшінші рет қатысып отыр. Осы елдің заң шығарушы органы – Капитолидің жанында болған шарада қазақтың бірнеше ұлттық биін көрермен назарына ұсынды. Америкалықтарға әсіресе қара жорға ерекше ұнаған секілді. Жаппай билеп мәре-сәре болды.
Қазақ белсенділері түркі халықтарының көрмесіне де қатысып, ұлттық тағамдар мен тәттілерін ұсынды. Көрерменді қазақтың ұлттық киімдері қатты қызықтырып киіп көріп, суретке түсу үшін кезек күткендер аз болмады.
Жиырма жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан фестивальде түбі бір түркі жұртының ұлттық салт дәстүрлері паш етіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша жыл сайын фестивальді көру үшін 20 мыңға жуық адам келеді.