Қазақ әдебиетін әлемге танытқан қарымды қаламгер Герольд Бельгердің кітабы жарық көрді
Қазақ әдебиетін әлемге танытқан қарымды қаламгер, аудармашы Герольд Бельгердің 2 томдық «Таңдамалылар» кітабы жарық көрді. Бұл еңбек жазушының 90 жылдығына арналып отыр.
Жазушының жаңа туындысы «Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрді.
Жазушы Герольд Бельгердің отбасы соғыс жылдарында Ресейдің Саратов аймағынан Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келеді. Бала кезінде қазақ мектебіне барып, тілді еркін меңгерген. Есейе келе Алматыға оқуға түсіп, алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысының Байқадам ауылында мектеп мұғалімінен бастады. Кейінірек «Жұлдыз» журналында әдеби қызметке тұрып, 1964 жылдан бастап шығармашылық жолға түсті. Осыдан бастап қазақ әдебиетінің өркендеуіне ерекше үлес қосты.
Жалпы, Герольд Бельгердің «Ауыл шетіндегі ағаш үй», «Даладағы шағалалар», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Гете мен Абай» атты зерттеу еңбектері оқырманның ерекше ықыласына бөленді. Ол саналы ғұмырында қазақ еліне адал қызмет етіп, қазақ тілінің қарыштап дамуына зор үлес қосқан.