Бибігүл Төлегенова 95 жылдық мерейтойын атап өтті
Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова биыл 95 жасқа толды. Мерейтойға орай Астана жұртшылығы теңдессіз кешке куә болды. Аты аңызға айналған өнер майталманының шәкірттері мен үзеңгілес әріптестері Астана Опера театрының төрін ән мен күйге бөледі.
Ал тоқсанның торқасына шыққан тұлғаның өзі бұл жолы көрермен қатарынан табылды. Кеш Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар» жарқын көрінісімен басталды. Іле-шала Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевтың мәнерлеп оқуындағы Фариза Оңғарсынованың «Бибігүл – ән» өлеңімен өрнектелді.
Ғибратты ғұмыр иесінің тұнық үнін талай буын тыңдап өсті. Ұлт мақтанышы Бибігүл Ахметқызы 70 жылдан астам сахнаның сәнін келтірді. Біртуар бұлбұл әншінің ән қоржынында қазақтың халық әндерімен қатар әлемдік музыка жауһарлары көптеп кездеседі. Соның бірқатары осы кеште шырқалды. Концерт алдында Бибігүл Төлегенова жуналистермен арнайы сұхбаттасып, ақ батасын берді.