Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

"Хан Сұлтан. Алтын Орда" операсы Алматы төрінде

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында 29-30 қараша және 1 желтоқсан күндері Жошы ұлысының 800 жылдығына орай «Хан Сұлтан. Алтын Орда» опералық спектаклі қойылады.
Екі бөлімнен тұратын тарихи драманың композиторы – Хамит Шаңғалиев, қоюшы режиссер - итальяндық Давиде Ливермор. Танымал жас қаламгер Алмас Нүсіптің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» драмалық шығармасының желісімен жазылған либреттоның авторы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Ыбыраев. Идея авторы - Абай атындағы Қазақтың ұлттық опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова.
- Осы операны алғаш режиссерге ұсынғанда тарихын тереңнен тартқан Жошы ұлысын, бай салт-дәстүрімізді, халқымызға тән қасиеттерді, адами құндылықтарды баса көрсетуді ұсындым. Мысалы, Хан Сұлтан сонау Шыңғыс хан билеп-төстеген заманда Ұлы дала қызына тән батылдығымен, еркіндігімен, Ресей князьдарымен дипломатиялық қарым-қатынас жүргізген қабілетімен тарихта қалған. Осындай түркі әлемінің аналарын бүгінгі ұрпаққа насихаттау үшін біз Ұлы даланың қайсар қыздарын сахналауды жалғастыра беруіміз керек деп ойлаймын, - деді Абай атындағы ҚазҰОБТ директоры Айнұр Көпбасарова.