«Тәуелсіздер»: Астанада есірткіге қарсы күрес туралы драма ұсынылды
М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында нашақорлықтың алдын алуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға арналған «Тәуелсіздер» деректі драмасының премьерасы өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қойылым елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі «Астана - есірткісіз қала» акциясын іске асыру шеңберінде ұсынылды.
Премьераға елорда әкімінің орынбасарлары Есет Байкен мен Ерік Мейірханов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, қалалық басқармалардың өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
«Есірткіні қолданудың қайғылы салдарын жастарға жеткізу үшін есірткі бизнесіне қарсы насихаттың кез келген түрін қолдану қажет. Бұл жағдайда - театр. Ол адамдарды тартудың орталығы болып саналады және менің ойымша, жастар тағылымды спектакльді тамашалайды», - деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Драма нақты оқиғаларға негізделген. Жас режиссер шығармашылық объективі арқылы өз өмірі туралы ойлануға мәжбүр ететін және рухани құндылықтар мен моральдың өткір мәселелерін көтеретін оқиғаларды жеткізді.
«Тәуелсіздер» деректі драмасы – бұл жай ғана спектакль емес, жас ұрпақты зиянды тәуелділіктен қорғауға және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған әлеуметтік жоба.