Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдық мерейтойы аталып өтті
Биыл Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрылғанына 80 жыл толды. Осы мерейтойға орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев музыкалық оқу орнының ұжымына құттықтау хатын жолдады. Консерватория мерейтойға арналған марафонды Республика сарайында гала-концертпен түйіндеді. Кеште Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқу орнының бұдан былайғы жұмысына табыс тілеп, бірқатар қызметкеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Қазақ музыка өнерінің қара шаңырағы 80 жыл ішінде талай таланттарды даярлап шығарды. Консерваторияның негізі 1944 жылы қаланған. 1998 жылға дейін елдегі жалғыз музыкалық жоғары оқу орны болды. Қазір музыка саласының мамандарын даярлайтын жетекші білім ордасы саналады. Гала концертте шығармашылық ұжым оркестр, ансамбль, хор және солистер болып, бір сахнада өнер көрсетті.