Астанада «Айсұлу» комедиялық операсының премьерасы өтті
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» сахнасында «Айсұлу» комедиялық операсының премьерасы өтті. Сыдық Мұхамеджановтың 1964 жылы жазған бұл операсы ұлттық музыкалық театрдың шынайылығымен, әзілімен және нық сенімімен баурап алатын тұңғыш комедиялық туындысы ретінде тарихта лайықты орын алды.
Тың игерушілер жайлы сюжет құрған дарынды либретто авторлары Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев оны жылулықпен әрі аңғалдықпен толтырып, туындыға комедиялық шиеленіс үстеді. 1964 жылдың аудиториясы үшін бұл көңілді атмосфера ерекше өзекті болды. Ол кезде сахнада Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Абай Байтоғаев сынды біртуар шеберлер көпшіліктің көзайымына айналған еді. Қазақ музыкасындағы жаңа жанрдың ізашары ретінде «Айсұлу» С.Мұхамеджановтың дарынын паш етеді. Ол тұңғыш комедиялық опера құра отырып, одан әрі дамуға негіз салды және ең шынайы сезімдерге баулитын туындыда ұлттық музыка мен драманың қалай тоғысқанын көрсетті.