Алматыда халық суретшілерінің құрметіне көрме ашылды
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ҚР Суретшілер одағының халық суретшілері Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына, Үкі Әжиевтің 100 жылдығына, Нағымбек Нұрмұхаммедовтың 100 жылдығына, Гүлфайруз Исмаилованың 95 жылдығына арналған «ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ» Республикалық есептік көрмесі ашылды.
Көрмеде 200-ден астам кескіндеме, графика, мүсін, қолөнер саласы бойынша қазақстандық суретшілердің шығармашылық туындылары ұсынылды. Республикалық көрмеге Алматы, Алматы облысы, Астана, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Тараз, Түркістан, Шымкент өңірінен 150-ге жуық суретшілер қатысып отыр.
Қазақстан суретшілері маңызы мен мәні жоғалмаған қазақ бейнелеу өнері қай заман болса да ұлттық қасиеттің болмысын, ондағы дүниетанымдық дәстүрлі көзқарасты сақтап келеді. Қазақ бейнелеу өнерінің өркен жайып, әлемдік өнердің аренасында ұлттық тілмен танылуымызға суретшілеріміздің сіңірген ерен еңбегі орасан.