Елордада «Отырар сазы» шарықтады
Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының үлкен залында композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Отырар сазы шақырады!» концерті өтті. Сахна төрінде Қазақстанның көрнекті оркестрлері – Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі мен Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі өнер көрсетті.
Елорда тұрғындары екі оркестрдің және Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хорының орындауында Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармаларын тыңдады. Сондай-ақ көрерменге ерекше шығармашылық эксперимент ұсынылып, көне қазақ халық аспаптарының үнімен қатар «Vivo per lei», «The Prayer», «Melodramma», «Remember», «She» және «Шиндлер тізімі» фильмінен композициялар орындалды.
Бұдан бөлек сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева мен Азамат Жылтыркөзов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Нұрғалым Аманбай, Фархат Кубиев, Толғанай Пазылақын, Ербол Тәжібаев өнер көрсетті. Сонымен қатар дәстүрлі әнші Өзгеріс Шерікбай, халықаралық байқаулардың лауреаты Фируза Рахметова көрерменге өз өнерін ұсынды.