Елордада Nomad Ballet премьерасы ұсынылды
«Астана Опера» өз көрермендерін Nomad Ballet премьерасымен қуантты. Астаналық көрермендерге таныстырылған ұлттық нөмірлер елордалық театрдың қазақ биіндегі хореография тілінің жаңа формаларын іздеудегі талпынысын көрсетті.
Nomad Ballet бағдарламасы аясында өнер сүйер қауым Сұлтанбек Ғұмар, Алмат Шәмшиев, Анвара Садықова сынды отандық хореографтардың, сондай-ақ шетелдік балетмейстер Патрик де Бананың шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алды.
Қоюшы хореографтардың ойын сахнада шебер жүзеге асыра білген «Астана Опера» балет труппасының артистарына көрермендер залдан ду қол шапалақ жаудырды. Әмина Кисембаева мен кордебалеттің орындауындағы Анвара Садықованың Steppe Sons альтернатив-фолк тобының музыкасына «Сарматтық абыз әйел» миниатюрасы, сондай-ақ Ислам Қайыпбайдың орындауындағы Сұлтанбек Ғұмардың «Рух» нөмірі залдың атмосферасын қайсарлық пен патриоттық рухқа толтырды.