Ақтауда халықаралық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды
Ақтауда халықаралық байқауларда жеңімпаз болған Абай мәдени-демалыс кешенінің өнерпаздары мен олардың жетекшілері марапатталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жалпы Абай мәдени-демалыс кешенінде 39 шығармашылық ұжым мен 1000-нан астам өнерпаз бар. Олардың барлығы облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардан жүлделі орындар алып келеді. Марапаттау рәсімінде Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов сөз сөйлеп, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен олардың жетекшілеріне арнайы сыйлықтар мен алғыс хат табыстады.
-Биыл Абай мәдени-демалыс кешені 50 жылдық мерейтойын атап өтіп, өнерпаздарының жемісті жетістіктерімен жылды қорытындылады. Жетістікке жетуде өнерпаздардың тынымсыз дайындығымен қатар, жетекшілердің еңбегі мен ата-аналардың қолдауы маңызды. Өңіріміздің мерейін өсіретін өнерпаздарымыз көп болсын!, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.