Қазақстандық шеберлер Брюссельдегі көрмеге қатысты
Брюссельде Орталық Азия елдері мен Моңғолия дизайнерлерінің көрмесі ашылды. Қазақстандық шығармашылық иелері көпшілікке киізден, жүннен тігілген киімдері мен зергерлік бұйымдарын ұсынды. Шараны «Мәдениеттер керуені» деп аталатын Орталық Азиялық креативті орталық ұйымдастырған.
Киізден киім, бұйым тігуден Қазақстан, Қырғызстан мен Моңғолия оқ бойы озық тұр. Осы елдердің тренд жасаудағы тәжірибесі еуропалықтар үшін маңызды. Қайталама шикізатты қайта өңдеу арқылы киім тігу де ысырапқа жол бермеудің бір жолы. Алматылық дизайнер Оксана Ян түйе жүнінен жасалған көрпелерден пәлте тігудің хас шебері. Жеке брендін Бельгиядағы дүкенінде саудалап, халықаралық көрмелерде көпшілікке ұсынып жүр.
Аталмыш көрме 19 қаңтарға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар, қазақстандық шеберлер келесі жылы да шараға белсенді қатысады деген үмітте. Кеш соңында көпшілік қазақстандық студент Айдай Махатованың орындауындағы ән мен күйді тамашалап, Ұлы дала еліне виртуалды саяхат жасады.