Әйгілі «Аққу көлі» балеті «Астана Опера» сахнасында
Петр Чайковскийдің әйгілі «Аққу көлі» балеті «Астана Опера» сахнасында қойылады. Есімі әлемге мәшһүр сазгердің Ұлы махаббат сезімі баяндалатын жауһарлы туындысын елордалықтар мен қала қонақтары қаңтардың 18 мен 19 күндері тамашалай алады. Жаңаша түрленген классикалық қойылымды балет труппасының көркемдік жетекшісі - Алтынай Асылмұратова ұсынады. Қазір өнер ұжымы қызу қамданып, соңғы пысықтау жұмыстарына кірісті. Әртістер үшін бұл партияларға дайындық жетілдірілген техниканы, актерлік шеберлікті талап ететін нағыз емтихан. Әлемдегі ең танымал балет қойылымдарының бірі асқан шеберлікті және сомдайтын кейіпкерлердің кербез қимыл-қозғалысын көркем жеткізумен қатар олардың мінез-құлқын мұқият түсінуді талап етеді. Көрермендер керемет костюмдер, әсерлі декорацияларға қанығып, әсем сазды музыкаға бөленеді.
Премьераның алғашқы күнінде Одетта мен Одиллияның рөлін театрдың жетекші солисі Әйгерім Бекетаева орындайды. Онымен бірге жұпта Ханзада Зигфридтің партиясында театр солисі Диас Құрманғазы өнер көрсетеді. Ал екінші күні оларды алмастыратын София Әділханованың және Еркін Базарбаевтың аталған қойылымдағы дебюті болмақ.