Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Астанада Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған «ӘНМЕН ӨРІЛГЕН ҒАСЫР» концерті өтеді

Астанада Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған «ӘНМЕН ӨРІЛГЕН ҒАСЫР» концерті өтеді

15 ақпан «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында көрнекті композитор, КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Әнмен өрілген ғасыр» концерті өтеді.
Музыкалық кеш идеясының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сопрано Ғалия Байғазинова осынау концерттеөзінің әріптестері – «Астана Опера» театрының солистерімен және шақырылған әртістермен бірге композитордың танымал, сондай-ақ сирек шырқалатын туындыларын орындайды.
Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылығы «Астана Опера» театрының репертуарында айрықша орын алады.Біртуар композитордың 100 жылдығына орай былтыр қарашада оның «Айсұлу» комедиялық операсының премьерасы театрдың Үлкен залы сахнасында зор жетістікпен өтіп, сыншылар мен көрермендердің оң бағасына ие болған еді. Мерейтойлық датаға орайластырылған шаралар елордалық театрда биыл да жалғасуда.
Концерт аясында алғаш рет К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, қобызшы Кенжегүл Мұсаеваның орындауында Сыдық Мұхамеджановтың Қобызға арналған концерті таныстырылады. Фортепиано партиясында халықаралық байқаулардың лауреаты Шахизада Құлсейітова өнер көрсетеді.