Суретші Николай Хлудовтың туғанына 175 жыл
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласын кенеп бетіне түсірген суретші Николай Хлудовтың туғанына биыл 175 жыл. Әсіресе Жетісу өңірінің тұрмыс-тіршілігі мен табиғатын көркем бейнелеген қылқалам шеберінің бірегей туындылары «Дала бояулары» көрмесіне қойылды. Көрме Алматыдағы мемлекеттік орталық музейде ашылды. Көрмеге қылқалам шеберінің 100-ден аса картинасы қойылған. Соның жартысына жуығы осыған дейін жұрт назарына ұсынылмаған акварель жұмыстары екен. Мысалы, 2022 жылы автордың музейдегі сурет қоры 5 картинамен толыққан. Солардың ішінен «Пейзаж» бен «Ер адамның портреті» бүгін қабырғаға ілінді. Николай Хлудов елді аралай жүріп әсем табиғаттың түрлі көріністері мен сұлулығын бейнелейтін көптеген сурет салған.
Николай Хлудовтың бірегей туындыларына арналған «Дала бояулары» атты көрме екі апта ғана ашық болады. Музейде суретшінің жалпы саны 211 жұмысы сақтаулы.