Астанада ел тарихына қатысты тың жәдігерлер қойылған ерекше көрме өтті
Астанада ел тарихына қатысты тың жәдігерлер қойылған ерекше көрме өтті. Онда соңғы жылдарда табылған археологиялық материалдар халық назарына ұсынылған. Іс-шараны Қазақстан тарихшылар конгресі, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты және Ұлттық музей бірлесіп ұйымдастырды. «Қазақстан археологиясы: жаңа ашылымдар» деп аталатын көрмеде тас ғасырынан бастап Алтын орда дәуіріне дейінгі кезең толық қамтылған. Мұнда қойылған әр жәдігер өз дәуіріндегі тылсым тарихтан сыр шертеді. Мәселен, Тарбағатай ауданынан табылған алтын адамның киімінен бұрын белгісіз болып келген деректер анықталған.
Тағы бір ерекше кезең – Ғұн дәуірі. Еліміздің батыс өңірінде осы заманның ескерткіштері көптеп табылып жатыр. Солардың бірі – алтыннан құйылып, асыл тастармен көмкерілген қылыш. Бұл ғұндардың Ұлы көші ел аумағын басып өткені және жергілікті тайпалармен мәдени байланыста болғанын көрсетеді.
Көрмеде түркі, қимақ, оғыз мәдениетіне, Алтын Орданың қалаларына қатысты жәдігерлер де бар. Сондай-ақ Қазақстанның далалық аймағындағы ортағасырлық қала мәдениеті мен керуен жолдарын, оның ішінде Жібек жолы ескерткіштерін бейнелейтін материалдар ұсынылған.