Елордада қазақ және әлем халықтарының билері сахналанды
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында талантты биші, «Гүлдер» ансамблінің артисы, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Іңкәр Айдарханқызының жеке концерті өтті.
Концерттік бағдарламада қазақ ұлттық және әлем халықтарының билері, заманауи хореографиялық шығармалар, сондай-ақ Қазақстанның жетекші хореографтарымен бірлесе әзірленген эксклюзивті және жаңа қойылымдар ұсынылды. Атап айтқанда, «Тоқымқағар», «Желдірме», «Былқылдақ», «Ақ жауын», «Алтынай», «Тибет биі» және т.б. билер орындалды.
Айта кетейік, Іңкәр Айдарханқызы – кәсіби биші, аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің артисы. Еліміздің ең үздік хореографиялық мектебін тәмамдап, Римдегі Ұлттық би академиясында тағылымдамадан өтті. Жас биші бүгінде «Гүлдер» ансамблі балет труппасының көшбасшысы ретінде өзін жақсы қырынан танытып келеді.