С.Торайғыров кітапханасында «Сексен жылға сексен кітап» көрмесі өтіп жатыр

Павлодардағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Жеңіс күніне арналған «Сексен жылға сексен кітап» атауымен көрме басталды.
Сирек кітаптар қорында 1941-1945 жылдар аралығында оқырманға жол тартқан көркем әдебиеттер мен ғылыми басылымдар сақталған. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының орыс тіліндегі нұсқасы 1943 жылы Мәскеуде басылып шықса, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ батыры» повесі 1945 жылы Алматыда шықты.
Ғасырдан астам уақыт оқырмандарға қызмет жасап келе жатқан кітапхана оқырман назарына майдан жылдарындағы көркем әдебиеттен бөлек инженерлік-техникалық анықтамалар мен сөздіктер, оқу-әдістемелік құралдар ұсынды. Кітапхана қызметкерлері беттері сарғыш тартып, мұқабалары әбден тозған кітаптар сол замандағы адамдардың әдебиетке жақын болғанын білдіреді дейді. Айта кетерлігі баспаханалар соғыс кезінде де жұмысын тоқтатпаған. Аталмыш көрме мамыр айына дейін жалғасады.