Астанада Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті

Ұлы ақын-ағартушы, композитор, философ Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Астана Опера» театрында «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» концерті өтті.
Бұл кеште композитор Еркеғали Рахмадиевтің Абай Құнанбаев өлеңдеріне жазылған романс топтамасы алғаш рет орындалды.
Сонымен қатар, бағдарламада «Мен сәлем жазамын», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол» атты төрт романс, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан ариялар, сондай-ақ Сыдық Мұхамеджанов, Мансұр Сағатов және Евгений Брусиловскийдің ақын сөзіне жазған әндері орындалды.
Айта кетейік, «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» концерті театрда Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың бастауы болды. Күзде ақынның сөзіне ән жазған басқа да композиторлардың шығармалары шырқалатын концерт өтеді.