Қазақ хоры Оңтүстік Кореядағы фестивальде сәтті өнер көрсетті

Қазақ әртістері Оңтүстік Кореяда өткен тоғызыншы халықаралық хор фестивалінде өнер көрсетті. Чеджу аралында Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры қазақтың танымал әндерін орындады. Олардың қатарында «Мен, мен едім», «Он алты қыз», «Қамажай», «Қарлығаш» және «Тау ішінде» әндері бар. Бұл – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова басқаратын ұжымның Оңтүстік Кореядағы алғашқы концерті. Іс-шара Қазақстан - Азия сауда және мәдени даму қауымдастығы президиумының төрағасы Дүйсен Қасейіновтің қолдауымен өтті. Қазақ хорының ерекшелігі – әртістер сахнада тек ән айтып қана қоймай, қазақтың ұлттық аспаптарында ойнап, би де билейді. Олардың өнері көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Қазақстандық өнерпаздар Филиппиндегі фестивальге де шақырту алған.