Алматыда Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 165 жыл толуына орай мәдени іс-шара өтті

ҚР мемлекеттік орталық музейінде халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 165 жыл толуына орай «Ер туралы жыр» атты мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа ақынның шығармашылығын насихаттап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау.
Нұрпейіс Байғанин – ақын, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ол 15-16 жасында «бала жыршы» атанып, айтысқа түсіп, батырлық жырларын жатқа айтатын болған. Ақынның «Қарасай – Қази», «Нарқыз», «Ақкенже» секілді белгілі дастандары бар.
«Ер туралы жыр», «Жиырма бес» секілді поэмалары жауынгерлерге жігер беріп, Жеңіс күнін жақындатты.
Іс-шара барысында көрерменнің назарына музей қорында сақталған Нұрпейіс Байғаниннің фотоқұжаттары ұсынылды.
Сонымен қатар, кездесуде ақынның шөбересі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері сөз сөйледі.