Түркияда Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы ұлықталды

Түркияда ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы ұлықталды. Биыл оның 100 жылдығын мерекелеу ТҮРКСОЙ ұйымы бекіткен халықаралық іс-шаралар тізіміне енген. Осыған орай Анкарада салтанатты кеш ұйымдастырылып, қазақ музыкасының маңызы ескерілді.
Дәулескер күйші, біртуар сазгердің шығармашылығын кеңінен насихаттауды мақсат еткен шараға Түркиядағы туыстас түркі мемлекеттерінің елшілері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнер жанашырлары қатысты. Жергілікті және шетелден келген өнерпаздар Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын орындады. Әсіресе композитордың «Құстар қайтып барады» әнін жиылған жұрт түгел орындады.
Сондай-ақ өнерсүйер қауым назарына Нұрғиса Тілендиевтің сирек кездесетін суреттері қойылған фотокөрме ұсынылды. Жиын қонақтары ұлы композитордың 40-тан астам жеке затын және түрік тіліне аударылған өмірі жайлы қысқа фильмді тамашалап, композитордың қызығы мен шыжығы мол хикаяларын тыңдады.