Павлодарда «Оюлар сөйлейді» сән көрмесі ашылды.

Павлодарда «Оюлар сөйлейді» тақырыбында сән көрмесі ашылды. Дизайнерлер ұлттық киімді заманға сай ыңғайлап, күнделікті өмірде киюге қолайлы үлгілерін ұсынды. «Қазір қазақы нақыштағы киімге сұраныс жоғары», – дейді шеберлер. Өңірде үлттық киім тігін цехтар ашылып, жаңа брендтер мен дүкендер пайда болды.
Аталмыш көрмеге ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен қатар түрлі бұйымдар әкелінген. Қолөнер шеберлері киіз үй пішінді сөмкелерді көпшілік назарына ұсынды.
Этностильдегі әр бұйымның алар орны ерекше. Кезінде қыз балалар басына үкілі тақия киіп, қос бұрымына шолпы, шашбау таққан. Ал отандық дизайнерлер шашқапты қайта жаңғыртты. Бұл көпшілік үшін де тың жаңалық болуы мүмкін. Шашқап дегеніміз - қыздардың бұрымын шаң-тозаңнан, күннің көзінен қорғайтын қазақтың ұмытылған баскиімінің бірі.