Петропавлда қазақ киносының апталығы басталды

«Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығы қазақ киносын насихаттау мақсатында Петропавлда қазақ киносының апталығын бастады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін Қарағанды және Жамбыл облыстарында өткен іс-шара барысында көрермен назарына он фильм ұсынылды.
Кино орталығының қолдауымен елімізде 117 туынды жарық көрген. Оның 72-сі көркем, 37-сі деректі, ал қалған 8-і анимациялық фильмдер.
Петропавлдағы апталық «Патриоттар уақыты» фильмімен ашылды. Фильмдегі басты рөлдерді Санұржан Сүлейменов пен Данияр Алшынов сомдады.
— Киноны түсіруге шамамен 1 жылдан астам уақыт кетті. Қаншама еңбектің арқасында фильміміз көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын. Триллер жанрындағы фильмде динамикалық-экшн қолданылған, — дейді фильм режиссері Серікбол Өтепбергенов.
Айта кетейік, қазақ киносының апталығы СҚО-да 14 сәуірге дейін жалғасады.