Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи құжаттар көрмесі өтті

Алматы қаласында Жеңістің 80 жылдығына орай “Алматы қаласының Мемлекеттік архив құжаттарындағы сұрапыл соғыстың жаңғырығы” тақырыптық көрмесі ұйымдастырылды.
Көрме барысында қазақстандықтардың екінші дүниежүзілік соғысқа қосқан үлесі, Отанды қорғаудағы ерлігі мен соғыстан кейінгі ел дамуына сіңірген еңбегі жайлы мұрағаттық құжаттар жұртшылық назарына ұсынылды.
Атап айтқанда, көрмеге 100-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасының жауынгерлері туралы сирек кездесетін материалдар қойылды. Олардың қатарында – Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, белгілі кинорежиссер, актер және сценарист Мәжит Бегалиннің мұрағаттағы құжаттары мен фотосуреттері бар.
Сондай-ақ, Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі “Отан соғысы” ордендерінің иегері, “Москваны қорғағаны үшін” және “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталған, 100-атқыштар бригадасының дабылшысы Кереев Бекбосынның құжаттары да көрмеден орын алды.
Көрменің басты мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің ерлігін дәріптеу, олардың ұрпақ алдындағы еңбегін ұлықтау және болашақ ұрпаққа тарихи мұра ретінде жеткізу.