Әр бейнеде – нәзік сыр. Алматыда «Қарағым-ай» көркемөнер көрмесі есік ашты

Мемлекеттік орталық музейде шығармашыл ханымдардың қолтаңбасын көрсететін «Қарағым-ай» көркемөнер көрмесі есік ашты.
Көрме әйел бейнесіне және оның айналасында қалыптасатын ерекше рухани әлемге арналған. Бұл — нәзіктік пен табандылық, дәстүр мен заманауи көзқарас, даналық пен терең пайым үйлесім тапқан кеңістік. Экспозицияда ұсынылған жұмыстар эмоционалдық әсерімен, батыл көркемдік шешімдерімен, көз тартарлық түстік палитрасымен ерекшеленеді.
Мемлекеттік орталық музейдің сыртқы байланыстар бөлімінің жетекшісі Анна Кущенко суретшілердің қолтаңбасы сан түрлі болғанымен, олардың жан дүниесін тоғыстыратын құндылық – өнерге һәм өмірге деген сүйіспеншілік екенін атады. Ол көрмедегі әрбір туынды адам бойына үміт ұялатып, сенім мен шабыт беретінін айтады.
Көрмеде ұсынылған шығармаларда қазіргі өмірдің шындығын көрсететін әлеуметтік тақырыптағы тұжырымдамалық жұмыстардан басқа, философиялық ойлар, дерексіз кескіндеме де кездеседі. Графика, акварель мәнерімен ұсынылған кейбір туынды ой тереңдігімен, үйлесімді колористикалық комбинациясымен ерекшеленеді.