Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Дарынды жастар «Астана Опера» сахнасында бас қосты

Дарынды жастар «Астана Опера» сахнасында бас қосты

«Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында «Жастық пен шабыт» топтамасы аясында «Дарындар үндестігі» концерті өтті. Бұл жоба жас дарындарды қолдауға және дамытуға бағытталған. Ол жастарға беделді сахнада өнер көрсетуге және өз шеберліктерін паш етуге мүмкіндік берді.
Мазмұнды әрі сан алуан концерттік бағдарламаға В.А.Моцарт, Дж.Россини, Г.Доницетти, Дж.Верди, Дж.Пуччини, Л.Делиб, Н.Римский-Корсаковтың операларынан ариялар мен сахналар енді. Оларды жас та болса, өздерін мойындатқан артистар орындады.
Топтама одан әрі «Көктем ырғағында» концертімен жалғасады, ол мамырдағы мерекелер қарсаңында, яғни 26 сәуірде К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өтеді.
«Астана Опера» камералық оркестрі «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің басқаруымен өнер көрсетті. Оның жетекшілігімен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті мектеп-колледжінің жас солистері Г.Венявскийдің шебер скрипкалық пассаждары, А.Вьетан – А.Алябьевтің лирикалық «Бұлбұлы» мен Д.Гершвиннің «Порги мен Бесс» операсының тақырыбына арналған И.Фроловтың концерттік фантазиясының классикалық өңдеудегі джаз сарындары түйісетін бағдарламаны орындады.