«Астана Балет» театры «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» эпостық балетін көрермен назарына ұсынады

Елімізде 2011 жылдан бастап «Ұлттық ғашықтар күні» аталып өтіледі. Ондағы мақсат – көпшілікке махаббат, адалдық пен адамгершілік сияқты нағыз биік сезімдерді насихаттау. Бұл мейрам ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған, халық ауыз әдебиетіндегі ғашықтар Қозы мен Баянның махаббат хикаясына арналған.
Аталмыш мерекеге орай «Астана Балет» театры — екі бөлімнен тұратын «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» эпостық балетін көрермен назарына ұсынады. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу – қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі сүйікті кейіпкерлердің бірі. Спектакльдің әр кейіпкері – Қозы мен Баян, Қодар мен Қария, Сарыбай мен Қарабайдың – өз лейтмотиві мен пластикалық тілі бар. Балет кейіпкерлерінің өмірі қазақ аңыз-әпсаналарымен астасып жатыр. Пәк махаббат сезімінің зұлым күшке қарсылығы – мәңгілік тартыс. Ұлттық бидің классикалық балет пен заманауи техникамен үйлесімді үндестігі арқасында спектакль авторлары мен артистары ұлттық нақыштағы балет-эпосты дүниеге әкелді.