Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театры гастрольдік сапармен Астанаға келді

Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтарына «Ұждан» спектаклін ұсынды. Актерлер Астанаға гастрольдік сапармен келді.
Қойылым Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» әңгімесінің желісімен сахналанған. Спектакль адам баласының ар-ұяты, абыройы мен қадір-қасиеті туралы ой қозғайды. Қойылымның сахналық нұсқасын жазған – Нұркен Тұрлыбек, қоюшы режиссер – Азамат Ниғманов. Іс-шараға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Айта кетейік, гастрольдік тур аясында театр ұжымы Теміртау, Қарағанды қалаларына да барады. Гастрольдер театрдың 35 жылдығына орай ұйымдастырылған. Осы уақыт ішінде театр ұжымы «Подмосковные вечера» халықаралық театр фестивалінде «Үздік ансамбль», «Король Лир» қойылымы үшін «Үздік сценография», «Егіздер» спектаклі үшін «Үздік режиссура» сияқты марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар, Павлодар театры 2024 жылғы «Қазақстан театр сыншылары бірлестігі» сыйлығының бірнеше номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.