«Астана Опера» Санкт-Петерборда қуыршақ туралы хикаяны баяндайды

«Астана Опера» Санкт-Петерборға гастрольге аттанады. Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың жетекшілігіндегі артистар бүгін Dance Open беделді халықаралық фестивалінде өнер көрсетеді. Биыл фестиваль Александринский театрының сахнасында өтуде, оның аясында елордалық ұжым аңызға айналған хореограф Ролан Петидің қойылымындағы Л.Делибтің «Коппелия» балетінің француздық нұсқасын ұсынады.
Бұл балет – әлемдік хореографияның нағыз жауһары, мұнда шебер Р.Пети Гофманның «Құм адамы» мистикалық новелласын жарқын комедияға айналдырды. Оқиға желісінің бел ортасында тартымды әрі алаңғасар Франц, сүйкімді Сванильда мен қуыршағы таңғаларлық оқиғаларға себепші болатын жұмбақ Коппелиус жүреді.
Ролан Петидің ұйғарымы артистарға көрермендермен үнемі тілдесуге, оларды іс-әрекетке еліктіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ аудиторияны күлуге және кейіпкерлермен бірге уайымдауға мәжбүрлейді. 2019 жылы «Астана Опера» репертуарының бөлігіне айналған осынау балет труппаның жүрегінен айрықша орын алды. Осы ретте орындаушылар Санкт-Петербор тұрғындары мен қонақтарына нағыз мереке сыйлай алатындарына сенім білдірді.