Алматыда «Орман ғажайыптары» қойылымының премьерасы өтті

Қуыршақ театрының ұжымы көрермендерге белгілі неміс жазушысы Отфрид Пройслердің «Кішкентай сиқыршы» повесі желісімен сахналанған «Орман ғажайыптары» спектаклін ұсынды.
Қойылым режиссері Антон Зайцевтың сөзінше, балалар әдебиетінің алтын қорынан орын алған бұл шығарма – жақсылық пен зұлымдық, батылдық пен мейірім, адалдық пен ізгілік тақырыптарын қозғайтын ойлы туынды.
Қойылымның басты идеясы – балаларды кітап оқуға баулу, олардың бойында оқу мәдениетіне деген қызығушылықты ояту. Сахнадағы оқиғалар арқылы кітаптың тек қағаз бен әріптер жиынтығы емес, нағыз тірі кейіпкерлерге толы сиқырлы дүние екенін көрсету көзделген.