Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді

«Қызғалдақ мұра» фестивалі: Жамбылдық 100 қолөнерші киіз басып, Қазақстанның рекордтар кітабына енеді.
Жер жаһанға Грейг қызғалдағының «отаны» ретінде танылған Жамбыл облысы көктемде қызыл кілемге оранғандай құлпырады. Сәуір-мамыр айларында өңірдің жазиралы даласы алқызыл, сары, қызғылт түсті қызғалдақтармен көмкеріліп, табиғаттың ғажайып көрінісін сыйлайды.
Осы ерекшелікті ескере отырып, 2025 жылдың 2-3 мамыр күндері Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Талас ауданы, Есейхан ауылы, Қаратау тауының бөктерінде «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі ұйымдастырылады.
Фестивальдің мақсаты — Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттыру, қызғалдақтардың табиғи өсу ортасын сақтау және мәдени мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу.
Халықаралық деңгейдегі шараға Германия, Украина, Түркия, Қырғызстан, Ресей, Иран және Голландиядан келген шетелдік қонақтар қатысады деп күтіліп отыр.
Екі күндік фестиваль аясында ғылыми конференция, флористерге арналған шеберлік сағаты, ұлттық спорт ойындары, сән көрсетілімі, қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді.
Табиғат аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Атап айтқанда, аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық ату, тазы иттер жарысы бойынша жеңімпаздар белгілі болады.
Сондай ақ 100 қолөнершінің қатысуымен 20×10 метрлік қызғалдақ бейнесі салынған киіз басылып, Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енгізілмек.