Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Әлемге әйгілі румыниялық хор алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетеді

Әлемге әйгілі румыниялық хор алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетеді

Румыниялық танымал шығармашылық ұжым – румын мәдениетінің төл белгісіне айналған және дүние жүзі бойынша табысты өнер көрсетіп жүрген «Мадригал – Марин Константин» ұлттық камералық хоры алғаш рет өз өнерін Қазақстанда «Астана Опера» сахнасында ұсынады. «Мадригал: Жібек жолы» бірегей концерті 4 мамырда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Румынияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен өтеді.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын көптеген беделді халықаралық марапаттардың иегері  атанып, әлемде кеңінен мойындалған румын хор ұжымымен кездесу күтеді. Шығармашылық қызметін 1963 жылы бастаған «Мадригал» хоры ең беделді сахналарда өнер көрсеткен, Румыниядан бөлек, 4 құрлықтағы 40-қа жуық елдің 450-ден астам қаласында мың концерт пен қойылым ұсынған. 2025 жылы «Мадригал» хоры ұжымның негізін қалаушы Константин Мариннің туғанына 100 жыл толуын атап өтіп, аңызға айналған музыкант, композитор әрі дирижерге жыл бойы жалғасатын көптеген жобаларды арнайды.